Қараоба орта мектебінде өткен аптада айтулы бір іс-шара өтті. Ұзақ жылдар бойы спорт саласында өздерінің айшықты еңбектерімен дараланған, ұстаздық жолда еңбектері ардақталған Қараоба орта мектебінің дене шынықтыру ұстаздары Дюсен Жолдаспекович Исакаев пен Темирболат Кайденович Ибраевты еске алуға арналған волейбол турнирі өткізілді. Спорттық шараның ашылу салтанатына ауыл әкімі, мектеп директоры, марқұмдардың әріптестері, үзеңгілес достары мен жақын туыстары қатысты.
Ең алдымен, марқұмдарды еске алып, бір минут үнсіздік жарияланды. Алғашқы болып сөз алған ауыл әкімі Шолпан Муритовна Байдильдина айтулы азаматтардың өмір жолдарына қысқаша тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Келесі сөз кезегі марқұмдардың туыстарына, достарыңа және әріптестеріңе берілді. Олар да Дюсен Жолдаспекович пен Темирболат Кайденовичтің жарқын бейнелеріне тоқталып, атқарған қызметтері, жеткен жетістіктері жайлы айтып өтті.
Дюсен Жолдаспекович те, Темирболат Кайденович те саналы ғұмырын жас ұрпаққа арнап, талай жылдар бойы балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, тынымсыз еңбек ете білген ардақты ұстаздар. Жеңіл атлетика, теннис, волейбол, баскетбол, футбол сияқты спорт түрлерінен облыстық, республикалық жарыстарда жеңімпаздар мен жүлдегерлерді баптап дайындаған. Қос ұстаздың шәкірттері де бүгінде аймағымызға, елімізге есімдері етене таныс тұлға болып қалыптасып, бапкерлерінің еңбектерін ақтауда. Қазақ спортын өрге сүйреп, ауданымыздағы, аймағымыздағы жалпы спорттың дамуына бар ғұмырларын сарп етіп, өз үлестерін қосқан асыл азаматтарымыз – Дюсен Жолдаспекович пен Темирболат Кайденовичтің есімдері мәңгілік жадымызда...
Жалпы, турнирге ауданымыздан 5 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Олар: Абай, Мүткенов, Нығманов, Ыдырысов, Қараоба орта мектептерінің командалары. Жарыс нәтижесінде, шабуылға шабуылмен жауап қатып, әр ұпайды соңына дейін сарапқа салған «Нығманов ОМ» командасы I орынды қанжығасына байлап, турнир жеңімпазы атанды. II орынға «Қараоба ОМ» командасы ие болса, III орынды «Абай ОМ» командасы қанағат тұтты. «Мүткенов ОМ» және «Ыдырысов ОМ» командалары да мақтау қағаздарымен марапатталды. Барлық командалар мақтау қағаздарымен, медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, жеңімпаз командаға турнир кубогы табыс етілді.
Осы орайда, Д.Ж.Исакаев пен Т.К.Ибраевтың құрметіне арналған еске алу турнирінің өтуіне ат салысып, қол ұштарын бергені үшін Қараоба орта мектебінің ұжымына, ауыл әкімі Ш.М.Байдильдинаға, мектебіміздің тұрақты демеушілері Темірбай ағаға, Жеңіс қажыға, К.А.Сарсембековаға өз ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтамыз.
Калыкова Э.Т.
Қараоба ОМ